«Қыркүйекте
қуанышқа кенелдірген қоңырау үні»
«Білекке сенген заманда,
Ешкімге
есе бермедік.
Білімге
сенген заманда
Қапы
қалып жүрмелік»,- деп жырлаған Хан Абылайдың сөзінен білім мәселесі - қай
заманның да, қай ғасырдың да басты мәселесі болғанын аңғаруға болады. Бүгінгі
бейбіт заманымыз бен тәуелсіз күніміздің болашағының жарқын да, ғұмырлы болуы –
білімді де білікті шәкірттердің қолында. Ал сол жас ұрпақтың білім алуы үшін
жағдай жасау Елбасы саясатының негізгі қағидаларының бірі екені белгілі. Оған
дәлел – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық
сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынуы. Қазақ
елінің қай түкпірін, қай өңірін алсақ та, еліміздің тарихын, шежіресін,
байлығын, өнерін, сонымен бірге, тек қазақ халқына тән қасиеттерін көре аламыз.
Осындай өлкенің бірі – Ақмола облысы,
Целиноград ауданы. Қазақ тарихында саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм
құрбандарына арналған «АЛЖИР» мұражайымен белгілі Ақмол ауылының іргесінен орын
тепкен шағын ғана Бірлік ауылы туралы біреу білсе, біреу білмес. 300-дей ғана
тұрғыны бар бұл ауылдың балалары 5-11-сыныптарды көрші Оразақ ауылына қатынап
оқып келген. Себебі, ауылдағы ескі мектеп төрт жылдық бастауыш мектеп болатын.
Қысы қатты солтүстік өңірдің бар баласы жылдар бойы ауа райының барлық мінезіне
төтеп беріп, таңның атысы, күннің батысы екі ауылдың арасында мектепке қатынаумен
жүретін. Көрші ауылдан қатынап оқығандықтан, кей күндері сабақтан қалып қойып,
көбіне мектептегі қоғамдық шараларға да қатыса алмай, оқушылық өмірдің қызығын
да толық сезініп көрмеген ауыл балалары биыл ол қиындықпен қоштасты. Оған себеп
– ауылда бой көтерген жаңа мектеп құрылысы мен оның ашылуы. Яғни, биылғы жаңа
оқу жылы Бірлік ауылының балалары үшін де, ата-аналары үшін де ерекше жыл
болды.
Осынау ауылдағы қара көз қазақ
балаларының бүгіні мен болашағы үшін алаңдап, азаматтық жасаған кәсіпкер неміс
азаматы Александр Александрович Лоренц жаз айында өз қаражатымен жаңа мектептің
құрылысын бастаған болатын. Ауыл тұрғындарының, оның ішінде мектеп жасындағы
бүлдіршіндердің жүрегіне қуаныш сыйлаған бұл жаңалыққа қыркүйек айында
барлығымыз куә болдық. Жаңалықтың жаршысындай болған мектептің ашылу
салтанатына аудан әкімі, аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық білім
бөлімінің әдіскерлері, мектеп құрылысымен айналысқан компания басшылары да
қатысты. Келген қонақтардың барлығы ауыл тұрғындарын, мектеп оқушылары мен
мектеп ұжымын жаңа мектептің ашылуымен, оқу жылының басталуымен құттықтап,
сәттілік тіледі. Көпшіліктің қуанышына айналып, көптің тілегімен ашылған сол
мектеп бүгінде жаңа ұстаздармен, оқушылармен толығып, қаншама шәкіртті білім нәрімен
сусындатып отыр. Осындай мүмкіндікке қол
жеткізіп, жаңа мектеп салып берген Александр Александрович Лоренц мырзаға ауыл
тұрғындарының, оқушылар мен мектеп ұжымының айтар алғысы шексіз.